Қалаға қарасты Ақсуат ауылында қала күні және 1 қазан қарттар күні мерекесіне орай республикалық ақындар айтысы өтті. «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты өнер аламанына Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов сынды сөз шеберлері қатысып, көрерменге рухани сыйлады.
Биыл шырайлы шаһар Қызылорда қаласына - 206 жыл. Қала күніне орай 12 қыркүйектен бастап түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілуде. Ақсуаттағы аламан айтыс та мерейтой аясында ұйымдастырылып отыр. Рухани кешке қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі.
Төл өнерімізді төрге оздырып, ұлттық құндылығымызды ұлықтау, мәдени мұрамызды дәріптеу - басты міндет. Ақындар айтысының мақсаты да осы. Сөз додасына еліміздің әр өңірінен келген сегіз ақын қатысып, шырайлы шаһардың өткені мен бүгінін жырға қосты.
Жетісудің жүйрігі Шұғайып Сезімхан мен қызылордалық Нұрмат Мансұров айтыстың шымылдығын ашып берсе, талай додада топ жарып жүрген Рүстем Қайыртай сырдариялық жас ақын Ерасыл Бәйментаймен сөз қағыстырды. Алқалаған ағайын мұнан кейін шымкенттік Тұрар Тілеулиев пен аралдың арқалы ақыны Ержеңіс Әбдиевтің өнерін тамашалады. Ал, айтыстың алдаспаны атанған түркістандық Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов көркем ойдан кестелі сөз құрап, көрерменге рухани азық сыйлады.
Бәйге атындай бапталып, көсіле шапқан ақындар Алашқа ана, сан ұлтқа пана болған Сыр елі, көшелі істің басында жүретін қазыналы қариялары туралы тереңнен толғады. Қазылар алқасы көрерменнің құрметіне, халықтың қолдауына ие болған айтыскерлерді бөле жармай, барлығына бірдей ұпай берді.