Сырдың дәмі Сарыарқада. Қызылорда облысының тауар өндірушілері мен шаруашылықтары Астана қаласында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді. Екі күн қатарынан болған молшылық шарасында Сырдың басты дақылы күріштен бастап ет, балық өнімдері, қауын-қарбыз, жеміс-жидектің түр-түрі сатылды. Алтын күздегі берекелі жәрмеңкеден әріптесім Әкімжан Жолтаевтың бейнематериалы.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Ырзық – несібесін жерден жинаған қызылордалық шаруалар ат артып, Астанаға келді. Елордадағы жәрмеңкеге Сыр өңірінен жалпы көлемі 600 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері әкелінген. Соның ішінде әсіресе,Ааралдың балығы мен тұзы, Қазалының ащы кәмпиті, Шиелінің сөк, талқаны, Жаңақорғанның қарбызы, Жалағаш пен Сырдарияның ақ күріші, қармақшының қара қауыны ерекше сұранысқа ие болды\
Тілші: Жаңақорғандық Жасұлан Қалхозаев биыл 25 гектарға күріш егіп, әр гектарынан 80 центнерден өнім алыпты. Ала жаздай атыз жағалаған диқан міне, өзінің адал еңбек, маңдай терімен тапқан өнімін астаналықтарға тиімді бағада босатты.
Жәрмеңкеге күріштен бөлек 180 тонна бақша өнімдері, 30 тоннадай балық, 6 тонна ет және ет өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс жидектер, 3 тонна ас тұзы, 15 тонна сүт және кондитерлік өнімдер әкелінді.
Қала халқы Қазалының қара күләбісі мен Айдарлының әміресін іздеп жүріп сатып алды. Себебі, бақша дақылының дәмі тіл үйіреді. Ешқандай қоспасыз, жердің құнарымен піскен.
Жәрмеңкеде қазалының кәмпиті де сұранысқа ие болды. Астанада тұратын қызылордалықтар Сырдың дәмін сатып алып, сағынышмызды бастық дейді.
Аралдың балығы да жәрмеңкенің көрігін қыздырды. Сатушылар тұтынушылардың сұранысына сай су маржанын аршып, тазалап, қалтаға салып берді. Қыстың қамын ойлаған елордалықтар осылайша өздеріне қажетті азық-түлігін алып, жәрмеңкеден олжалы қайтты. Ал, Сыр елінен арнайы барған өнерпаздар қала тұрғындарына концерттік бағдарлама қойып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.