Мұғалімдер арасындағы бесінші дәстүрлі спартакиада аяқталуға жақын. Естеріңізге салайық, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 17 команда спорттың бес дисциплинасы бойынша бақ сынауда. Доданың бүгін соңғы сайыстары өтіп, ертең жеңімпаз белгілі болады. Сондай-ақ, жерлестеріміз республикалық турнирлерде де өнер көрсетті. Тілшіміз Мақсат Кәрібайдың шолуы.
Талдықорған қаласында самбо күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеде 2007-2008 жылы туған жас палуандар Әлем чемпионы, Азия құрлығының екі дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жетпісбаевтың жүлдесін сарапқа салды. Аталмыш турнирде Сыр өңірінің намысын қорғаған Байзақ Қажымұқанның қанжығасы майланып, жүлделі ІІ-ші орынды иеленді.
Параволейболдан облыс құрамасы үздік үштікте. Қытайдың Ханчжоу қаласында отырып ойнау волейболынан өткен Азия кубогында жерлестеріміз жүлделі үшінші орынға ие болды. Жарысқа 6 мемлекеттен 8 команда қатысты. Аспан асты еліндегі додаға Қызылордадан 7 ойыншы барды. Барлығы да отырып ойнайтын волейболдан жоғары санатты жаттықтырушы Эрик Қасқабаевтың шәкірттері.
Отандастарымыз әлемдік аренада атой салды. Тирана қаласындағы еркін күрестен әлем чемпионатының олимпиадалық емес салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының өкілі Нұрқожа Қайпанов алтын медалін жеңіп алды. Ол 70 келі салмақ дәрежесі бойынша ақтық сында жапон балуаны Ешиносуке Аоягиден басым түсті.
Ал, 72 келіде сынға түскен қазақ қызы Жәмила Бақбергенова финалдық белдесуде жапониялық Ами Ишиге есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Айта кетейік, 28 жастағы жерлесіміз 2021 жылдан бері әлем чемпионатынан құр қол қайтпаған. Бұған дейін екі күміс, бір қола медаль алған болатын. Сондай-ақ, Жәмила Бақбергенова қазақ қыздары арасынан 4 мәрте жүлде алған алғашқы балуан.