#qyzylordatv
«Тау тұлға биіктеп барады». Осындай тақырыпта мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың тұлғалық қасиетін айшықтаған естелік жинақ жарық көрді. Сондай-ақ, облыс орталығында еске алу кеші ұйымдастырылып, бөлек болмыс иесінің ұлағатты ісі ұлықталды.
Бүгінгі бейбіт күн оңай келген жоқ. Әсіресе, ел егемендігін алған тұста барлығын қайта бастауға тура келді. Бір ғұмырдың емес, бір елдің тағдыры сынға түскен екіұдай шақта қабылданған әр шешім маңызды еді. Осы жауапты кезеңде Сырдың қайраткер қызы Алмагүл Божанова Сырдария ауданына жетекшілік етті. Бұл тәй-тәй басқан елде түбегейлі реформаларды жүзеге асыру кезеңі болатын. Бірақ ол реформаның реті осы екен деп, барлығын жекенің қолына ұстата салмады. Әсіресе майдан қыл суырғандай қарекет етіп, совхоздардың тарап кетпеуіне зор ықпал жасаған. Жаңа жинақта болмысы бөлек Божанқызының осы қайраткерлік қыры замандас әріптестерінің естеліктері арқылы суреттеледі.
Осылайша кейіпкеріміз қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүріп, туған жердің түлеуі жолында жанашырлықпен еңбек етті. Мұнан соң тәжірибесі толысқан шақта облыстық мәслихат хатшысы қызметіне сайланды. Бұл да жаңа құрылымның енді қалыптасу кезеңі еді. Сондықтан, өкілетті органның беделін арттырып, құзыретін кеңейту Божанқызына борыш болды. Ол бұл міндетті мінсіз атқарып, сын сәтте талай мәселенің халық жағына шешілуіне үлес қосқан.
Жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімі қалалық мәдениет үйінде еске алу кешіне ұласты. Сырдың қайраткер қызы 78 жасқа қараған шағында мәңгілікке бой түзеді. Содан бері он екі ай орағытып өте шықты. Жиында жұртшылық жарық жалғанда байлық емес, сауап жинап өткен жанның адами болмысын тілге тиек етті. Бағамдасақ, Алмагүл Божанқызы мемлекеттік қызмет пен руханият әлемін қатар қамдаған қайраткер. Елімізге белгілі ақын-жазушылармен сана деңгейінде сырласа білген. Сондай-ақ, қаншама өнерпаздың жарқырай көрінуіне сүбелі үлес қосты. Еске алу кешінде сол әдебиет пен мәдениет өкілдері бой көрсетіп, тағылым тартуын жасады.
Ән әуелеген кеште Сырдың қайраткер қызы түйінін тарқатқан мың сан тірлік айтылды. Мәселен, мәслихат мінберінде жүріп аңқасы кепкен Арал мәселесімен қоса, ауылдағы ағайынға болысқан тұсы көп. Сондай-ақ, өңірдегі мұнайлы кеніштерді Қарағанды облысына қайтару бастамасы көтерілгенде алғашқылардың бірі болып қарсы тұрды. Табанды күрестің жемісін Сыр жұртшылығы бүгінге дейін көріп келеді. Міне осындай қайраткерлік қалыпты бағалайтын ел барда болмысы бөлек Божанқызының тұғыры биіктей бермек.