#qyzylordatv
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қызылордалықтармен кездесті. Ашық форматта өткен жиында вице-министр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындар сауалына жауап берді. Жүздесуде мәдениет пен ақпарат, жастар және отбасы институтын дамыту бағытындағы бастамалар кеңінен қозғалды.
Жиында Айбек Жексенұлы мәдениет пен ақпарат саласындағы жаңалықтарға шолу жасап, басты бағыттарды атап өтті.
АЙБЕК СЫДЫҚОВ - ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ Үкімет деңгейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өту жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, еліміздің барлық аумағында 2 мыңға жуық іс-шара өткізілді. 2024 жылы қазақтың «Беташар» салты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Биылғы жылы Абайдың «Қара сөздерінің» қолжазбаларын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне 11 тарихи-мәдени мұра объектілерін енгізу жоспарымызда, оның ішінде Қызылорда облысы аумағындағы Сығанақ, Жанкент қалашықтарының номинациялық құжаттары бар.
Саланың цифрландыру мен заманауи инфрақұрылымдарында да біршама жетістіктер бар. Биыл “E-museum” платформасы іске қосылып, 275 музейдің дерегі мен 3D форматтағы 200 жәдігер түрде онлайн қолжетімді болды. Ал “Е-архив” жобасы аясында 2 миллионнан астам құжат цифрлық жүйеге көшірілген. Кездесу барысында өңір өнерпаздарының мәртебесіне қатысты ұсыныстар болды. Соның ішінде, Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Бақытбек Темірбеков Сыр өнерінің ардагерлеріне «Халық әртісі» атағы берілсе деген бұйымтайын айтты.
БАҚЫТБЕК ТЕМІРБЕКОВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ Қазір алды 65-70 жылға жақындаған, қазақ өнеріне, Сыр өнеріне, Сыр мәдениетіне қызмет етіп келе жатқан Хұсейін Әмір-Темір, 50-60 жыл қызмет етіп келе жатқан Бақытбек Алпысбаев сынды, Рамазан Тайманов сынды, біздің елдің жезтаңдай әншісі Күлән Қалымбетова сынды тұлғаларымызға осы атақтар келер ме екен?!
АЙБЕК СЫДЫҚОВ - ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ // Халық әртісіне ұсыныс берудің алдында азаматтар мен азаматшалар ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағын алу керек. Ұсыныс негізі жергілікті атқарушы органдар Қызылорда облыстық әкімдігі жинақтап орталық органға жібіреді. Мәдениет министрілігі сіздерден түскен ұсынысты сараптап, Президент әкімшілігіне жібереді. Комиссияда осы мәселе қарастырылып, шешім қабылданады.
Жиында ауыл мәдениет үйлеріндегі кадр тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалмады. Үйірме жетекшілері үшін арнайы штат қажеттігі көтерілді.
ДИНАРА ИБАДУЛЛАЕВА – ҚОҒАЛЫКӨЛ АУЫЛДЫҚ КЛУБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қызылорда бойынша 1070 үйірме жұмыс істеп келсе, оның ішінде 79-ы халықтық ұжым арқылы штат бірліктерін алып, қалған ауылдағы үйірмелер қоғамдық негізде жұмыс жасауда. Ауыл халқының балаларының сұранысына төтеп беру үшін, үйірмелерге кәсіби мамандар қажет.
Бұл мәселеге қатысты да министрлік тарапынан жауап берілді. Министрлік жыл соңына дейін құжаттарға өзгерістер енгізіп, ұсыныстар қаралатынын мәлімдеді. Кездесу барысында өзге де салалық сұрақтар қойылып, жеке қабылдауға жазылған азаматтар да болды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Шакхмардан Байманов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, саланың бірқатар өкіліне Алғыс хаттар табыстады.