#qyzylordatv

Қызылорданың ел астанасы болғанына 100 жыл толуына орай керемет тарту. Облыс орталығында «Жас Алаш. Шындық шырағы» спектаклінің премьерасы болды. Қойылымда ұлт азаттығы жолында күрескен Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының күреске толы өмірі мен тағдырлы сәттері көрініс тапты.

  Бұл қойылым - жас өнер ұжымының үлкен ізденісі мен табанды еңбегінің нәтижесі. Спектакль арқылы тек тарих қана емес, рухани сабақтастық та сахна төрінде жаңғырды. Қойылымды тамашалау үшін Міржақып Дулатұлының ұрпағы арнайы шақырту алған.

 ЖАННАТ САТЫБАЛДИЕВА- М. ДУЛАТОВТЫҢ ЖИЕНІ // Осы қасиетті Қызылорданың жеріне бірінші келіп тұрмын. Анам осы қалада дүниеге келген. Кейін дәл осы жерден ата-анасын, яғни біздің ұлы атамыз - Міржақып Дулатұлын алып кеткен. Бұл өлкенің тарихында біз үшін әрі қасіретті, әрі қуанышты сәттер бар. Баршаңызға амандық, бейбіт аспан тілеймін.

Жастар театры бұл тарихи тақырыпты қысқа уақыт ішінде сахналап шыққан. Ұжым мүшелерінің айтуынша, әр кейіпкердің бейнесі арқылы Алаш зиялыларының қайраткерлігімен қатар, олардың адамдық болмысы, отбасылық өмірі де көрініс тапқан.

МАҚСАТ СЕРІК- ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ТОП ЖЕТЕКШІСІ, АКТЕР // Негізінде, Жас Алаш тақырыбы өте қиын болды. Шыны керек біз 29 күнде жұмыс жасадық. Бұл Міржақып Дулатұлының шығармасы. Осы көрерменге алаш зиялылары туралы толық мағлұмат бере алдық, жалпы олардың тек алашты ғана қозғау емес, олардың жеке өмірінде, отбасында қозғадық деп сеніп айта аламын.

 Залға жиылған көрермен де жаңа туындыдан ерекше әсер алды. Олар жас ұжымның шығармашылық биікке деген ұмтылысын айқын байқадық дейді.

Тарихи драма - тек сахналық қойылым ғана емес, ұрпаққа үлгі, тәуелсіздікке жетелеген Алаш арыстарының ерлігін ұлықтау. «Жас Алаш.Шындық шырағы» драмасы көрерменнің рухын көтеріп, жас театрдың жаңа белеске қадам басқанын айқындады.