#qyzylordatv
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жаңа оқу жылын жағымды жаңалықпен бастады. Биыл білім ордасында студенттердің рекордтық саны тіркелген. Бұл оқу ошағының халықаралық рейтингте өсуіне және өз позициясын сенімді түрде нығайтуға мүмкіндік береді..
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті 89-шы оқу маусымын рекордтық көрсеткішпен бастады. Биыл 4252 студент бірінші курсқа қабылданса, олардың үштен бірі - мемлекеттік грант иегерлері.
Салтанатты шарада университеттің дамуына сүбелі үлес қосқан ұстаздарға құрмет көрсетілді. Марапатталғандар қатарында жарты ғасырға жуық еңбек еткен Темірболат Кеншінбай да бар. Ардагерге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі табысталды.
ТЕМІРБОЛАТ КЕНШІНБАЙ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
//Мен халықаралық қатынастар бөлімінде жұмыс істеймін. Жыл өткен сайын университеттің ынтымақтастық географиясы кеңейіп келеді деп айта аламын. Біз 180-нен астам жоғары оқу орындарымен, ғылыми және қоғамдық орталықтармен келісім-шарт мен меморандум жасадық, олармен академиялық ұтқырлықты, студент алмасуды жүргіземіз, оқытушыларымызды дәріс оқуға жібереміз және шетелдіктерді шақырамыз. Биыл Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген шетелдік студенттер көп. Осы жылы Түркіменстаннан 400-ге жуық студент қосылды.
Жергілікті түлектер арасында да университеттің танымалдылығы артып келеді. Мәселен, Мөлдір Жалғас дәл осы білім ордасында оқуды мақсат еткен. ҰБТ-ден 135 балл жинаған бойжеткен отбасылық дәстүрді жалғастырып, мұғалім болуды жоспарлап отыр.
Мерекелік шарада ардагер ұстаздар жаңа оқу жылымен құттықтап, студенттерге сәттілік тіледі. Мұнан соң студенттер мерекелік бағдарламасын ұсынды.