#qyzylordatv

Қазалы ауданында 1429 бала мектеп табалдырығын биыл алғаш рет аттап отыр. Жалпы оқушылар саны - 16 956. Олардың жайлы ортада сапалы білім алуы үшін ауданда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тілшіміз айтып берсін.

 Баланың біліміне жасалған әрбір қадам – болашаққа салынған инвестиция. Қазалыда білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, биыл Жанқожа батыр ауылында «Келешек мектебі» ашылса, Әйтеке би кентіндегі №234 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 ӘДІЛХАН ЖӨЛЕКЕШОВ, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ \ Сонымен қатар, 2025 жылы 372 млн теңгеге 8 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді Президент тапсырмасына сәйкес 2025-2027 жылдары күрделі жөндеу жүргізілуі қажет мектептер тізіміне ауданымыздан 12 мектеп енгізілген. 2025 жылы 14 балабақша, 11 мектеп пен 2 қосымша білім беру ұйымына дабыл түймесі және Оқушылар үйіне турникет орнатылды. Сонымен қатар, 12 балабақша 15 мектепке 3 қосымша білім беру ұйымына бейнекамера орнатуға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде \

 Аудан әкімдігі жаңа оқу жылына орай құқық қорғау органдары, білім саласы қызметкерлері мен ата-аналардың басын қосып, «Адал ұрпақ, білімді жас, кемел келешек» атты кеңейтілген алқа отырысын өткізді. Жиында білім ошақтарының дайындығы, оқушыларды сапалы біліммен қамту, құқықбұзушылықтың алдын алу секілді өзекті мәселелер көтеріліп, алда атқарылатын жұмыстар сараланды.

 Бала тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі. Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 Қазалыда құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында күн сайын рейд жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ойын-сауық орталықтарына кіруіне жол берген 8 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды. Жасөспірімдердің ата-аналары жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда ауданда балалардың сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелерге баруына жіті мән беріліп жатыр.