#qyzylordatv
Сырдария ауданына инвестиция тарту жұмыстары жыл сайын ұлғайып келеді. Қазіргі таңда Шаған ауылында тауарлы сүт фермасын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Сондай –ақ, ауданда «Жүгеріні терең өңдейтін» зауыт салу жоспарланып отыр. Сырдариядағы іргелі жобалар туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев Конституция күніне арналған салтанатты жиында баяндады.
Сырдария ауданында соңғы 3 жылда 19 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Биыл аудан орталығында «Руханият» орталығы, Бесарық ауылында спорт кешені пайдалануға берілсе, Шағанда дәрігерлік амбулатория, Сәкен Сейфуллин ауылында №137 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал, Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе, инвестиция тартуға ерекше басымдық беріліп отыр. Көп күттірмей оның нәтижесі де көріне бастайды. Осылай дей келе, Берік Сәрменбаев аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады. Конституцияның мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен әрбір азаматтың құқықтарының қорғалуындағы рөлін атап өтті.
Мерекелік шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкер облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Концерттік бағдарламада ауданның өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.