#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Power International Holding» компаниясының Қазақстан бойынша атқарушы директоры Амер Махасенмен кездесті. Энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдер аясында аталған компания Қызылорда облысында қуаттылығы 1 100 мегаватт болатын газ-электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда облыс әкімдігі жобаны бастау үшін 250 гектар жер телімін беріп, тиісті келісімдер жүргізілуде.

 Бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр қуатының тапшылығы айқын сезіледі. Жаңа бу-газ станциясы тек біздің облыс үшін ғана емес, тұтас еліміздің энергетикалық тұрақтылығы мен экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие болмақ. Айта кетейік, облыс аумағында минералды-шикізат ресурстарының, соның ішінде қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін жер элементтерінің мол қоры бар. Еліміздің ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11% және уранның 15%-ы біздің өңірде. Мұнай қорының жыл сайынғы азаюын ескерсек, аймағымыз өңдеу өнеркәсібінде бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі.

    Осы орайда Нұрлыбек Нәлібаев Амер Махасенге құны 2,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын 61 инвестициялық жобаның тизерлерін қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде Амер Махасен өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді.

 Айта кетейік, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында «Акса Энерджи» компаниясымен бірлескен, қуаты 240 МВт болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба электр энергиясының жүктемесін тұрақтандыруға әрі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосады.