#qyzylordatv
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деген болатын. Аймақта осы мақсатта арнайы жоспар бекітіліп, байыпты бастамалар қолға алынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов журналистерге арналған баспасөз брифингінде халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, денсаулығын жақсарту, жұмыспен қамтып, тұрмыс сапасын арттыру Жолдаудан туындайтын басты міндеттердің бірі. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға айрықша басымдық беріліп отыр. Мәселен, биыл облыс бойынша 23 мыңнан астам ерекше топтағы азамат техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Олардың әрқайсысына
3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалды.
ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ \Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындауға 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 8,3 млрд. теңге бөлініп, жыл қорытындысымен көрсеткіштерді толық орындау жоспарлануда. 2025 жылы облыста инватакси қызметін іске асыратын
67 автокөлікке 268,9 млн. теңге бөлініп, 1500 ден астам адам инватакси қызметімен қамтылды. Санаторий-курорттық емделу қызметін алатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет ілесіп жүрушінің шығындары 1 адамға 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде
өтелуде\
Ал, 3 708 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды және отбасындағы бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі
5 920 балаға 170,1 млн.теңге қосымша қаржы төленді. Биыл сондай-ақ осал топтағы отбасынан шыққан 93 мектеп бітіруші түлек облыс әкімінің грантына ие болды. Гранттың жетпіс пайызы жұмысшы мамандықтарға бағытталып отыр. Жолдаудан туындайтын тағы бір маңызды міндет -халықты жұмыспен қамту. Осы мақсатта «2025 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» бекітіліп, бір жылдың ішінде 46 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде бұл меженің 60 пайызы орындалды яғни 27 929 адам жұмыспен қамтылды.
ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ \Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын» құру тапсырмасына сәйкес 7306 жұмыс орны ашылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында жаңа бизнес идеяларды дамытуға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде 675 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
Данияр Жаналиновтың айтуынша,қазіргі уақытта келесі кезең бойынша қабылданған өтінімдер қаралып жатыр. Яғни, кәсіппен айналысам, бизнес бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау жалғасады .