#qyzylordatv
«Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Ұзындығы 836 шақырым магистраль «Қытай мен Еуропа» дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумына қатысып, маңызды жобаның тұсауын кесті.
Достық-Мойынты темір жолы – тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі жол құрылысы. Маңызды стратегиялық жоба - тасымалдау қарқынын жылына 100 млн тоннаға арттырады деген болжам бар. Әрі, экспорттық тауарларды жеткізу уақыты да қысқарады.
Темір жолдың құрылысы 2022 жылы басталған. Құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында жаңа магистраль межелі уақыттан ерте аяқталды.
Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Енді жаңа жол бұл көрсеткішті арттыра түспек. Жүк тасымалының көлемі бес есе, бір тәулікте өткізе алатын пойыздар саны 12-ден 60 жұпқа дейін ұлғаяды. Контейнер мен жүк тасымалының жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін артады.
ҚЫТАЙ- ЕУРОПА - 85 ПАЙЫЗ /ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ/
ЖҮК ТАСЫМАЛЫ - 5 ЕСЕ
БІР ТӘУЛІКТЕ- 12ДЕН -60 ЖҰП
ЖҮК ТАСЫМАЛЫНЫҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ - 1500 КМ
Қазақстан бүгінде Еуразиядағы басты транзиттік хабқа айналып үлгерді. Еліміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтеді. Оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашады. Сондықтан көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тоқтамайды.
Соңғы он жылдың өзінде осы салаға шамамен 35 миллиард доллар инвестиция салынды. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру - негізгі басымдықтың бірі болып қала береді. Ендігі кезекте, саланы толық цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу қажет. Ел экономикасының озық бағыты ретінде дамыту үшін - осы саладағы жұмыстарды кешеуілдетуге болмайды, - деді Президент.