#qyzylordatv
Жалағаш ауданында Ұстаздар күні аталып өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік жиында білім саласының ардагерлері мен үздік педагогтарға құрмет көрсетіліп, ұстаз еңбегінің маңыздылығы айшықталды.
Ұстаз - ұлттың ұлағаты, қоғамның алтын діңгегі. Бүгінде Жалағаш ауданында 1300-ге жуық ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп келеді. Мереке аясында ұстаздардың қажырлы еңбегі еленді.
ҒАНИ СҮЛЕЙМЕНОВ - АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ // Ұстаздың қадірін, мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қоғамдағы күн тәртібінен түскен емес. Өз бойындағы адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді шәкірттердің бойына сіңірген шәкіртін қияға қанат қаққанын, ел үшін абыройлы еңбек еткенін көрген ұстаз бақытты. Биыл ауданымызда 450 жас мектеп бітірсе, оның 16-сы алтын белгіге, 46-сы үздік аттестат иегері болды. 388 оқушы бірыңғай тестілеу сынағына қатысып , орташа балл 84,1 пайызды құрап отыр. Облыс көлемінде мектеп бітірушілердің грант иеленуі бойынша облыс бойынша екінші орынды иелендік. Бұл дегеніміз - біздің ұстаздар қауымының жыл бойы тынымсыз еңбегінің жемісі деп есептейміз.
Білім саласының дамуы мен шәкірт жетістігі - ұстаз еңбегінің өлшемі. Сондықтан әрбір ұстаздың табандылығы мен жауапкершілігі ел ертеңін айқындайды.
СӘУЛЕ ҚҰЛМАНҚҰЛОВА –ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ // Осы білім саласында 38 жылдан бері еңбек етіп келемін. Мен осы саланы бала кезімнен өзімнің ұстаздарыма еліктеп, солардың жақсы қасиеттерін көріп, соларға ұқсағым келіп мен таңдаған болатынмын. Мамандық таңдауда мен өзімді жаңылысқан жоқпын деп ойлаймын. Міне қаншама жылдардан бері қандай қиындық кездерде де осы саланы тастап кетпей осы күнге дейін келе жатқаным соның куәсі деп ойлаймын.
ЭЛЬМИРА АБСАТОВА – БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ // Осы уақытқа дейінгі 32 жыл ұстаздық өмірімде мен 100-дің үстінде түлек ұшырып шығарған екенмін.Әрбір ұстазға осындай бақытты сәттер бұйырсын. Менің бұл салаға келуіме өзімнің сол ұстаздарымды жақсы көргендіктен болар, сол кісілерге еліктеп мұғалім болуды шештім.Сол мектептегі ұстаздарыма алғыс айтамын.
ЗЛИХА ҰЗАҚБАЕВА – АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ // Барша ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаймын. Барлық ұстаздардың еңбегі зор. Мектепте оқып жүрген кезде ұстазым Оралбаева Райкүл деген кісінің сабақ бергеніне тәнті болып, шетел тілдеріне өте қызығушылығым зор болды. Мен бір тілмен тоқтаған жоқпын , ағылшын тілімен қоса , неміс тілінде қоса меңгердім.
Білім мен тәрбиенің негізін қалап, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға деген құрмет қашанда жоғары.