#qyzylordatv

Бүкілодақтық көркемөнепаздар фестивалінің лауреаты, сатирик Әбдрасул Ахметовтың туғанына 70 жыл толды. Осыған орай Қазалыда «Сахнада өткен ғұмыр» атты әзіл-сықақ драма үйірмелерінің аудандық фестивалі өтті.

Әбдрасұл Ахметов 1955 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Жастайынан өнерге жақын болған ол 1972 жылы Жанқожа батыр атындағы №17 мектепті тәмамдады. Одан соң Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театры жанындағы театр студиясында білім алып, сахна сырын меңгерді. 1978 жылы Нартай театрына жұмысқа қабылданып, актерлік шеберлігін шыңдады. Түрлі образдарды сомдап, көрермен ықыласына бөленеді. Кейін отбасылық жағдайына байланысты туған топырағы Қазалыға қоныс аударып, ауданның “Тамаша” ойын-сауық отауының негізін қалады.

АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ ¬– АУДАН ӘКІМІ // Өзінің өткір сөзі мен астарлы әзіл, шымшыма шындыққа толы туындыларымен елдің ыстық ықыласына бөленіп, күлкінің ішінде үлкен ой тудырған сатирик, қаламы ұшқыр дарын иесі Абрасул Ахметовтың туғанына 70 жыл толып отыр. // Абдрасул Ахметұлы Қазалы топырағының тынысын терең түсінген, ел ішіндегі тіршілікті қалт жібермей, қоғамға ой тастай білген санаулы дарын иелерінің бірі.

 Мәдениет майталманы өнер жолындан талмай еңбек етіп, өзінің қолтаңбасын қалдырды. Мәселен, Қазалы халық театрының сахнасында «Еңлік – Кебек», «Ботагөз», «Айман – Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» басты рөлдерде ойнады. Сонымен қатар, «Қан мен тер», «Оптимистік трагедия» сынды күрделі қойылымдарды республикалық деңгейге шығарып, Целиноград, Көкшетау, Алматы төрінде ағайынды Ахметовтер есімі ерекше құрметпен аталды. Өмірінің соңғы жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқараған Әбдрасул Ахметовтың ұлы да осы өнерден алыстамады.

 Ауданда сатираның туын құлатпай, көпшілікке қағытпа-қалжыңмен астарлы әзіл айтып жүрген өнер ұжымдары сахнада қойылым қойып, өзара бақ сынасты. Ауылдық әзіл-сықақ драма үйірмелері өткір әзілмен қоғамдағы келеңсіз көріністерді көрсете білді.

 Фестиваль қорытындысымен аудандық оқушылар үйінің «Өнегелі орда» драма ұжымы «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталса, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің «Шабыт» драма ұжымы «Өнерлі ұжым» атанды. Ал, Жалаңтөс батыр ауылдық клубының драма ұжымы «Ойлы әзіл» номинациясына, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы , «Сатира саңлақтары» номинациясына ие болды. «Үйлесімді сатира» номинациясы Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің «Кент шоу» драма ұжымына табысталса, Қашақпай Пірімов ауылдық клубының драма ұжымы «Күлдіріп отырып жылатқан» номинациясына лайық деп танылды. Ал, аудандық мәдениет орталығы жанындағы «Қазалы қалжыңы» ұжымы байқау жеңімпазы атанды.