#qyzylordatv

Ресейдің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Сарапшылар мұны елдердің өзара сенімге негізделген серіктестігінің айқын көрінісі деп бағалайды. Бүгінде Қазақстан Ресей үшін Орталық Азия мен Қытай арасындағы маңызды көпірге айналды.

Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара байланыстырады. Бұл тек географиялық жақындық емес ғасырлар бойы қалыптасқан терең экономикалық және мәдени қатынастардың алғышарты. Оған қоса, қос мемлекет Біріккен ұлттар ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық бірлестіктерге мүше. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек ,-дейді мамандар.

  БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ \Евразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара ұлттық заңдарын сәйкестендіру бағытында жұмыс жүргізілуі керек. Яғни, оның ішінде стандарттау, лицензиялау мәселелері, миграция мәселелері бағытындағы, цифрландыруға қатысты жаңа талаптарға сәйкес біздің заңдарды сәйкестендіру дер кезінде жүргізілетін болса әр мемлекет үшін жаңа мүмкіндік ашуға тиімді болады деп айтуға болады.

Сарапшылардың айтуынша, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты Ресейдің Қазақстанға деген сұранысы арта түседі. Сондықтан алдағы уақытта энергетика, мұнай-газ және көлік логистика салаларындағы бірлескен жобалар көбеймек. Жаңа заман сұранысына жылдам бейімделіп, дайын өнім мен қызметімізді ұсына білсек, бұл тұрғыда біздің ұтарымыз мол.