#qyzylordatv
Биыл еліміздің ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 32 жыл. Жалпы қазақ жерінде тиын соғу, ақша жасау ісі өте ерте дамыды. Сол кездегі соғылған тиындардың сапасы қазіргі өзіміздің қолданыстағы теңгелерден кем түспеген.Оған тілшіміз көз жеткізіп келді.
Ежелгі қалалардан көне теңгелердің табылуы бұл маңда сауда-саттықтың өркендегенін білдіреді. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Сығанақ қаласынан 20, Жент қалашығынан 120, Жанкент қаласынан 10 дана монета табылған. Көне тарихтың куәсіндей болған бұл жәдігерлер музей қорында сақтаулы.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Бұл күміс монеталар Жаңақорған ауданының маңында орналасқан Сығанақ қаласынан табылған. Ғалымдардың зерттеуінше 5-8 ғасырларға жатады. 2021-2022 жылдары археологиялық зерттеу жұмыстарының барысында табылған бұл көне жәдігерлердің жалпы саны 20 дана.
Музейден 7-9 ғасырларға жататын тот басқан мыс монеталарды да кезіктірдік. Ескінің көзіндей бұл жәдігерлер 2020 жылы қазба жұмыстары кезінде Жанкент қалашығынан табылған. Ал мына мыс монеталар 14-15 ғасырларда пайдаланылған. Ортағасырлық Жент қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың қызметкерлерінен алынып, музейге қабылданған.
ГҮЛФАРИДА ИСМАҒҰЛОВА – ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Қызылорда облысы аумағында орналасқан ортағасырлық қалалар, Сығанақ, Жанкент, Жент қалашықтары және Алтын Орда дәуіріндегі, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар саяси-экономикалық орталық бағыт болған. Қала тұрғындары саудамен айналысып, қолөнер бұйымдарын айналысқан. Әр жылдары жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының барысында қалашық қазбаларынан сол кездегі хандардың тұсында соғылған күміс, мыс тиындар көптеп табылған.
Сыр өңірінің байырғы тіршілігінен хабар беретін бұл тиындар арнайы ақша сарайларында соғылған. Сауда айналымында қолданылған. Мыңдаған жылдарды артқа тастаған теңгелердің бетіндегі бедері өшіп, жиектері мүжілген. Десе де сан қырлы тарихтан сыр тартатын монеталар көне тарихтың куәсі ретінде құнын жоғалтқан емес.