#qyzylordatv
Қазалы ауданында Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінде «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Оқушыларды құқықтық тәртіпке даярлайтын ұстахана қызмет барысында қаза болған, «Ерлігі үшін» медальінің иегері Қайрат Қалековтың есімімен аталады.
Қайрат Қалеков 1971 жылы Ресей Федерациясында дүниеге келген. 1991 жылы әскер қатарынан келген соң Қазалы аудандық бөлімінің күзет бөлімшесіне бақылаушы болып жұмысқа орналасқан. Ал, 1993 жылдан бастап ішкі істер саласында патрульдік-бекет қызметінде еңбек етті. Ол 1998 жылдың 12 ақпанында Қазалы ауданындағы көшелердің бірінде аңшы мылтығымен тұрғындарға оқ атқан қылмыскерді құрықтау барысында ерлікпен қаза тапты. Салтанатты жиында батырдың ерлігі дәріптелді. Мұнан соң, болашағын ішкі істер саласымен байланыстыратын балғындар сапқа тұрып, ант берді. Қызметтік куәлік табысталды. Шара соңында жасақ қызметкерлері жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өнер көрсетті.