#qyzylordatv
Қазақстанның солтүстік өңірлеріне Ресейден арзан газ тартылады. Логистика саласы дамып, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысы оңтайландырылады. Атомды бейбіт мақсатта пайдалану тетіктерін бірге қарастырып, ғарыш саласындағы серіктестікке серпін берілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары қос тарап үшін де тиімді болды. Екі ел лидерлері жүргізген келіссөздер нәтижесінде 10-нан астам құжатқа қол қойылып, сан саладағы серіктестік бекемдей түсті. Мәселен енді Қазақстанның солтүстік өңірлеріне көрші елден табиғи әрі арзан газ тасымалданбақ. Ол үшін Түмен облсынан магистралды құбыр тартылады. Тағы бір басымдық берілген сала – логистика.
Екі елдің көлік министрлігі шекарадағы автокөлік өткізу бекеттерін дамыту жөнінде де келісімге келді. Сондай-ақ қос мемлекет атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда ядролық және радияциялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Барлығымызға мәлім Алматы облысында бой көтергелі жатқан атом электр станциясын салу Ресейдің «Росатом» компаниясына сеніп тапсырылды.
Ғарыш саласы да назардан қалмады. Өйткені Байқоңырдай айлағы бар Қазақстан мен салада тәжірибесі мол Ресей үшін әріптестікті нығайту заман талабы, - дейді, экономистер.
Денсаулық сақтау, білім мен өнеркәсіп саласы да қаузалып, түрлі келісімдер жасалды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы әрине мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация.