#qyzylordatv
Жылжабар желтоқсан айының алғашқы күні Сыр елінің белгілі қаламгері, Қазақстанның құрметті журналисі Несібелі Рахмет 70 жасты толтырып отыр. Оны Қызылорда халқы жақсы білетін себебі – ол бүкіл саналы ғұмырын біздің облысқа арнаған. Әуелі аудандық «Сырдария» газетінде, кейін «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» басылымында, зейнет жасына дейін облыстық телеарнада қалтқысыз қызмет етті. Бірнеше кітаптардың авторы.
Сыр жері жазушы мен жорналшыға кенде емес. Тіпті республикалық БАҚ өкілдерінің біраз бөлігі осы өңірде қалыптасты. Солардың бірқатарына ұстаз бола білген, кестелі сөзді құраудан бөлек, оның мән-мағынасын ұғындыра білген, әрбір сөздің адам тағдырына қатысы барын астарынан сезіндіре білген Несібелі Төлтайқызының орны да, болмысы да бөлек. Кейбіреулер «менің мерейтойым» деп, жоғары жақтағы кабинеттерді жағалап, атақ пен марапат сұрап, жан-жағын мазалап жүрсе, біздің кейіпкеріміз әрі ұстазымыз тіпті сұқбат беруден де тартыншақтады. Тым қарапайым, тым байсалды, бір қалыптылығы, мінезге байлығы деп түсіну керек бұны.
Оның өмірбаянына үңілсек, онжылдықты Тереңөзекте бітіріп, Алматыдағы сол кездегі жалғыз журналистика факультетіне оқуға түскенін көреміз. Ол уақытта Қазақстан үшін журналистер даярлайтын С.Киров атындағы ҚазМУ-ге түсу көп жасқа арман болатын, солардан суырылып шығып, журналист оқуына түсу Несібелі Рахметтің маңдайына жазылыпты. Несібелі Төлтайқызы газетте біраз жыл еңбек етті, кейін облыстық телерадиокомпанияға шақырылды. Телеарнаның қым-қуыт тірлігінің арасында уақыт тауып, шығармашылықпен айналысты, «Бір нәзік сезім», «Мен табынған құдірет», «Құмырсқа тірлік», «Жиденің гүлі», т.б. да әңгімелер мен новеллалар жинақтары жарық көрді. «Айналаңды танимын десең, осы Несібелі Рахметтің туындыларын бір оқып шық» дейді әріптестері
Саналы ғұмырын баспасөз бен телеарнаға арнаған Несібелі Төлтайқызы талай шәкіртті төрге оздырды. Алды республикалық ақпарат құралдарында аты шыққан тілші атанып жүр. «Несібелі апайдың шәкіртіміз» деген сөздің өзі оның жақсы ұстаз бола білгенінің бір дәлелі
Несібелі Рахмет «Дұрыс жасалған шешім» атты әңгімесінде «ақиқаттың алдында жүзің жарқын, жүрегің таза болсын» деп жазған және өзі де осы қасиетке сызат түсірмей, табан ет, маңдай термен өмір деген ұлы көштен несібесін теріп, қолын да, арын да таза сақтап келеді. Мерейтойыңыз құтты болсын, жазарыңыз көп болсын, құрметті ұстаз, Несібелі Төлтайқызы!