#qyzylordatv

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ белгіленбеген орынға қоқыс қалдығын төгу, қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізу, жалпы эстетикалық талаптарды бұзу деректері бойынша рейд жұмыстарын жалғастыруда. Кезекті іс-шара барысында бірқатар заң бұзушылық анықталды.

Жұмысшы топ алдымен қаладағы жеке секторды шолып шықты. Бақылау барысында Ыбырай Жақаев көшесінде құрылыс материалдарының ашық-шашық жатқанын анықтаса, Тәкей Есетов көшесі бойындағы тұрғын үй қақпасында тозығы жеткен жарнамаға көзі түсті. Сондай-ақ Тоқтар Әубәкіров көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер жолын бөгеген құрылыс қалдықтары, есепсіз төгілген қоқыс, қамыс басып кеткен аулалар және ашық қалған кәріз құдығы сияқты тұрғындар өміріне қауіп төндіретін жағдайлар тіркелді. Жұмысшы топ қала аумағының тазалығы мен сәулеттік келбетін сақтамаған бірқатар тұрғынға ескертулер жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Заңсыз қоршауларды жою, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау және тұрғындар жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Себебі бұл — тек қана тәртіп орнату шарасы емес, қала мәдениеті мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс дейді мамандар.