#qyzylordatv

Адам жанына араша түсіп, ұлт саулығын ойлаған жандарға деген құрмет қашанда жоғары. Облыс орталығында медицина саласының ардагері, дәрігер, ұстаз Раиса Көзденованың 80 жылдық мерейтойы аясында бірқатар шара ұйымдастырылды.

Қызылорда медициналық жоғары колледжінде Раиса Көзденова атындағы оқу кабинеті салтанатты түрде ашылды. Кәсіби білімі мен күш-жігерін елге қызмет етуге арнаған Раиса Әбдешқызы 15 жылдан астам уақыт осы білім ордасында директор болып еңбек еткен. Осы аралықта ол жаңа жобалардың іске асуына ұйытқы болды. Мыңдаған шәкірттің денсаулық сақшысы атанып, сапалы маман болуына үлес қосты.

Раиса Көзденованың құрметіне орай Достық үйінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, ел үшін атқарған қызметі, халыққа деген жанашырлығы кеңінен айтылды. Ол еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында аймақтық педиатр болып бастаған.Одан кейінгі жылдары Шиелі ауданында балалар бөлімінің меңгерушісі, аудандық педиатр, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары деңгейіне дейін көтерілген.

Раиса Көзденова Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері, Шиелі поселкелік советінің халық депутаты, облыстық совет депутаты болып та сайланып, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендері мен көптеген медальдің иегері атанды. Одан бөлек Қызылорда медицина колледжінің директоры қызметін атқарды.

Конференцияда Раиса Әбдешқызына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хаты табысталды.

2013 жылдан бері ол облыстық медицина саласы ардагерлері кеңесінің төрайымы болып, денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып келедi. Қай істе болмасын, өзіне жүкетелген жұмысты әркез тиянақты атқаратын Райса Әбдешқызы ел сенімінен шыға білді.

Мұнан кейін концерт өтіп, ал іс-шаралар легі оқу орнындағы пленарлық отырысқа жалғасты. Сала мамандары медицина саласындағы жаңалықтар және тәжірибелермен бөлісті.

Осылайша мерейтой иесіне арналған іс-шаралар легі тағылымға толы болды. Жас мамандар аға буынның өнегелі өмір жолынан үлгі алды.