#qyzylordatv
Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Президентке өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту жоспары жөнінде баяндалды.
Облыс әкімі соңғы 3 жылда жалпы өңірлік өнім 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге өскенін айтты. Биылғы он айда 950 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған. Үш ауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге дейін қысқарған. Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында жалпы сомасы 470 миллиард теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 618,5 миллион долларға жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне өңірдің аграрлық әлеуетін нығайту, туризм салаларын дамыту, сондай-ақ, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.