#qyzylordatv
Қызылордада «Бірлігі бекем - Сыр елі» атты республикалық форумы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ұйымдастырған алқалы жиында достық, ынтымақ, бірлік ұғымдары кеңінен насихатталды.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында сөйлеген сөзінде: «Еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарлануда. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек» - деген болатын. Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында жаңадан «Достық үйі» салынып жатыр. Жақын күндері ел игілігіне табысталмақ.
Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Адал азамат» жобасының жетекшісі Бекзат Алтынбеков бүгінгі қоғамның тәрбиеге қатысты олқы тұстарын түзету қажеттігін көтерді. Әрі адал азаматтты тәрбиелеу үшін ата-ананың міндеті қандай екенін ұғындырды.
Ал Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мүбарак Жинақбаева этномәдени бірлестіктердің бірлік пен ынтымақты нығайтудағы рөліне тоқталды.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында облыстағы этномәдени бірлестіктердің онкүндігі өткізіліп, аудан орталықтарына «Достық» көш-керуені жол тартты. Бұл шаралар мерейлі жылдың мазмұнын байытып, мәнін айшықтай түсті. Ал форум соңы жергілікті өнерпаздардың ән шашуына ұласты.