#qyzylordatv

 Биыл КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Осыған орай Сыр сахнасында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Әлқисса» атты концерті өтті.

 Сахна шымылдығы қазақтың күй өнерінде есімі алтын әріппен жазылған, дарынымен дараланған тума талант Нұрғиса Тілендиевтің атақты «Ата толғауы» күйімен түрілді. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің репертуарында дәулескер күйшінің барлық туындылары бар. Соның ішінде қазақ батырларының болмысын бейнелеп, тыңдарманға рух беретін шоқтығы биік шығармаларының бірі «Махамбет» поэмасы. Сыр өнерпаздары Тілендиевтің осы бір туындысын ерекше екпінмен, шалқар шабытпен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

 Нұрғиса Атабайұлы «Отырар сазы» оркестрін құрып, қазақтың ұлттық өнерін ұлықтады. Талай таланттың томағасын сыпырып, дарынды домбырашыларды тәрбиеледі. Нұрғиса Тілендиевтің күйшілігі бір төбе, ол даңқты композитор. Оның әндері дала дауысымен үндесіп, табиғатпен тілдеседі. Кеште облыстық филармония солистері қайталанбас өнер иесінің «Алатау», «Саржайлау», «Қайран менің жүрегім», «Өз елім» сияқты тамаша әндерін орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

\инт ән\

Кеште қазақ пен қырғыз арасындағы достық пен бірлікті, тату тірлікті дәріптейтін «Бауырлаштар» шығармасы орындалды. Мұнан бөлек, Тілендиевтің атақты «Аққу», «Ақсақ құлан», «Әлқисса» күйлері орындалды.

 Өнер - өміршең. Сан ғасырлар өтсе де өшпейді, ел жадынан ұмытылмайды. Сондықтан Тілендиевтің туындылары, музыкалық мұрасы мәңгі жасай бермек.