#qyzylordatv
Қызылордада прокуратура күніне арналған салтанатты жиын болды. Іс-шарада құқықтық тәртіпті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерекше аталып, марапаттар табысталды.
Президент бастамасымен қолға алынған «Заң және тәртіп» қағидатын бұлжытпай іске асыру – мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының міндеті. Биыл қадағалаушы органның араласуымен әлеуметтік салада 200 мыңнан астам адамның құқығы қорғалды. «IT TERGEU» жобасы аясында 832 қылмыскер ұсталса, оның 33-і іздеуде жүрген. Сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін қылмыстық процесте кеңінен қолдану арқылы бес жүзден астам жоғалған адамның жүрген жері анықталды. Жалпы саладағы реформа аясында прокурорлардың құзыры күшейіп келеді.
Кәсіби мерекеге орай бірқатар қызметкерке Бас прокурордың бұйрығымен кезектен тыс сыныптық шендер берілді. Сондай-ақ, «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Прокуратура ардагері», «Прокуратура үздігі» медальдары табысталды.
Кәсіби мерекесінде қалалық прокуратура облыс бойынша «үздік» атанды. Бұл «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жолында атқарып жатқан табанды еңбектің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің жемісі.
ЖАНДАРБЕК СҰЛТАНБЕКҰЛЫ – ҚАЛА ПРОКУРОРЫ // Мысалға айтып кететін болсақ, мемлекетке 17 млрд.теңгеге жуық мүлік қайтарылды. 3 млрд.қа жуық бюджеттің негізсіз жұмсалуының алдын алдық. Одан да басқа 1 млрд.жуық бюджетке қаржы өнірілді. Алаяқтық бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Қызылорда қаласы прокуратурасы қызметкерлерінің бірігіп атқарған жұмысының нәтижесі деп білемін.
Салтанатты шарада бірқатар қызметкердің анасы құрметке бөленді. Сондай-ақ, сала қызметкерлеріне аймақ басшысы мен облыс прокурорының «Алғыс хаты» табысталды. Прокуратура саласында адал еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.