#qyzylordatv
Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде ұлағатты ұстаз, әнші Перуза Арғынбаеваны еске алуға арналған байқау өтті. Колледжішілік конкурсқа «Ән салу» бөлімінің студенттері қатысып, шетел композиторларының романстары мен арияларын орындады.
Перуза Амангелдіқызы саналы ғұмырын Сыр өңірінің өнерімен білім саласының дамуына арнаған ұлағатты ұстаз, күміс көмей әнші, талантты актриса. Ол 1983-1987 жылдары Қызылорда музыкалық училищесінде білім алды. Ал, 1987-1992 жылдары Душанбе қаласындағы Tұрсын-Заде атындағы Тәжік Мемлекеттік өнер институтының «Ән салу» кафедрасында оқыды. Елге келген соң өзі оқыған Қызылорда музыкалық училищесінде оқытушы болып жұмысқа орналасты. Талай таланттың томағасын сыпырып, үлкен сахналарға шығуына жол ашты. Шәкірттері халықаралық, республикалық конкурстарда лауреат атанды. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған қыз-жігіттер бүгінде елімізден бөлек Италияда білім алып, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр.
ӘЙГЕРІМ АЛТЫНБЕК, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ОПЕРА ӘНШІСІ \Перуза апайымыз өте жайдары, қарапайым, үнемі күліп жүретін. Бізге жанын салып, тәрбие берді. Мені операға әкелген Перуза Амангелдіқызы. Біз сыныпта отырып бірге армандайтынбыз Ласкала театрдында өнер көрсетуді. ....\
Перуза Арғынбаева Сыр елінің өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан жан. 1998 жылы облыстық Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрының ашылуында «Қыз Жібек» спектаклінде Қыз Жібектің рөлін сомдады. Перуза Амангелдіқызы «Таңшолпан» жасөспірімдердің облыстық эстрадалық телебайқауының көркемдік жетекшісі, қазылар алқасының төрайымы болып Қызылорда телеарнасының ұжымымен де етене жұмыс істеді. Өнерлі өрендердің өрге шығуына үлес қосты. Конкурсқа «Таңшолпаннан» түлеп, бүгінде колледжде білім алып жатқан бірнеше студент қатысып, шетел композиторларының туындыларын орындады.
Байқау қорытындысымен төртінші курс студенті Ақжан Бауыржанқызы бас жүлдені жеңіп алса, Даира Серік бірінші орынға ие болды. Ал, Ақнұр Темірова мен Аружан Ишанбек екінші, Нұрсұлтан Икрам мен Кәмшат Сейдалиева үшінші орын алды.