Отандық фильмдер прокатқа шығарылмас бұрын енді арнайы сараптамадан өтуі тиіс. Жаңа ережені Мәдениет және ақпарат министрлігі енгізді. Сарапшылар фильмде конституциялық құрылымды, ел тұтастығын бұзуға бағытталған агитация, әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыратын эпизодтар бар-жоғын анықтап, сүзгіден өткізеді. Сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылық, порнография, педофилия мен дәстүрлі емес сексуалдық бағыт насихатының болмауын да тексереді.
Сараптамадан өту үшін дистрибьютор фильмнің кинотеатрларда көрсетуге арналған нұсқасын ұсынуға тиіс. Комиссия оны көріп шығып, мазмұнын саралап, талқылағаннан кейін дауыс беріп, қорытынды шешім шығарады. Комиссия құрамына кино саласының кәсіби мамандары, тарихшылар, психологтар мен қоғам белсенділері кіреді. Егер сараптамадан өтпей, құжат ала алмаса фильмге Қазақстан аумағында көрсетуге ресми рұқсат берілмейді.
Айта кетейік, комиссия фильмнің көркемдік деңгейіне, эстетикалық құндылығына, коммерциялық тиімділігіне немесе саяси-идеологиялық сипатына баға бермейді.