Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба жүйелі жүзеге асып келеді. Бастамашыл топ облыс орталығының іргесіндегі Қараөзек және Талсуат ауылдық округтерінде болып, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетті.

Шырын Әбуова Қараөзек ауылдық округінің тұрғыны. Еңбек ардагері мобильді топ мүшелеріне жұртшылықтың көкейінде жүрген сауалдарды жолдады. Белсенді жан білікті мамандар облыс орталығына шақырып әуре-сарсаңға түсірмей, арнайы ауылға келіп кеңес бергеніне дән риза.

Әділдік пен заң үстемдігін ту еткен волонтерлік жоба облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Мобильді топ құрамында түрлі сала өкілдері бар. Олар осылай әр ауылға барып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдайды. Яғни, жоба аясында тек құқықтық кеңестер біріліп қана қоймай, әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқатылады.

Көшпелі керуен Талсуат ауылдық округіне де аялдады. Мұнда мамандар 30-ға жуық тұрғынның жеке мәселелері мен дауларына қатысты кеңестер беріп, тиісті көмектерін көрсетті. Айта кетерлігі, қабылдау барысында азаматтардың жүгінген мәселелері департамент басшылығының тікелей бақылауында болмақ.

Мобильді топ мүшелері әзірге қала іргесіндегі ауылдарға барып, ел үніне құлақ түруде. Ал, алдағы уақытта өңірдегі шалғай елді мекендерде де жалғасын тауып, тұрғындардың талап-тілегі тыңдалмақ.