Байқоңырда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Арал ауданының еңбеккерлері 30 тоннадан астам тауар әкеліп, көпшілікке ұсынды.

 Аралдың басты өнімі - балық және ет өнімдеріне қашан да сұраныс жоғары. Жұлдызды қалашықтың тұрғындары молынан әкелінген табиғи таза өнімдерді сатып алуға асықты. Әсіресе, ысталған балыққа сұраныс жоғары болды.

  АЙБОЛАТ ИБРАЙМОВ – САТУШЫ «Ақ балықтар, көлемдеріне қарай арзандатып беріп жатырмыз. Мынау жылан балықтар. Сол өзіміздің көлімізден шығып жатқан балықтарымыз. Арзан қылып, халыққа тиімді бағада беріп жатырмыз. Сұраныс жоғары. 500 кг әкеп отырмыз».

 ЖӘНІБЕК ЖҰБАНОВ – АРАЛ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ «нарықтағы бағадан төмен бағада сатып жатырмыз. Негізінен Арал ауданынан 10 тоннатайда балық келді және 1 тоннаға жуық ет. Көкөністеріміз келді 6-7 тонна. Сүт өнімдері, құрт-ірімшіктеріміз бар. Балықтың орташа бағасы 1200-1500 теңгеден. Етіміз 2000 теңгеден».

Байқоңыр тұрғындары өнімдердің түрінің көптігі мен бағаның қолжетімділігін оң бағалады.

 Жәрмеңке барысында Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы сөрелердегі өнімдермен танысып, мұндай шаралар тұрғындар мен ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін де өзара тиімді екенін атап өтті.Тонналап өнім жеткізген еңбеккерлерге алғысын жеткізді.

КОНСТАНТИН БУСЫГИН - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ «Қаламызда өтіп жатқан кезекті жәрмеңкеде тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Аралдық кәсіпкерлер балық, ысталған балықтың түр-түрін әкеп жатыр. Жалпы Байқоңырда балық мүлдем жоқ. Сондықтан сұраныс өте жоғары. Оның үстіне бағалары да арзан. Сол себепті біз аралдық әріптестерімізге алғысымызды айтамыз».

Осы мерзімде қысқы азығын қамдап алған жұртшылыққа жәрмеңкенің септігі тиіп-ақ тұр.