Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Олардың қатарында: 4 еңбек ардагері, 19 жұмысшы маман мен кәсіпорын еңбеккерлері, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениет саласының 19 қызметкері, 6 кәсіпорын басшысы, 3 қоғамдық ұйым өкілі, 7 мемлекеттік қызметкер, құқық қорғау, арнаулы және бақылаушы органдарда, әскер қатарында еңбек ететін 6 қызметкер бар. Соның ішінде қызылордалық ұстаз Сәуле Егізбаева «Құрмет» орденімен марапатталды. Сәуле Әбутәліпқызы Мұстафа Шоқай атындағы № 187 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет етеді. Тағы бір марапат иесі облыстық тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Алтынай Орынбаева. Алтынай Романқызы «Шапағат» медалімен марапатталды.