#qyzylordatv
Қазалы ауданындағы тарихи мекен Жанкент шаһарынан күміс теңге көмбесі табылды. Бұл Түркі Академиясы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының бірлесіп жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Үш жылдық қазба жұмыстарын қорытындылаған археологтар көне қаладан табылған тарихи жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынып, ескерткіш стелланың ашылу рәсіміне қатысты.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Жанкент - оғыздардың астанасы болған ортағасырларлық қалалардың бірі. Көне шаһарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және Этнография» ғылыми-зерттеу орталығы 2014 жылдан бастап зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал, 2023 жылдан бері Түркі академиясының ғалымдарын бірлесіп қазба жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде тарихи орыннан көптеген құнды жәдігерлер табылған \
Керамикалық бұйымдар мен қошқар басы бейнесіндегі тұғырлар қолөнердің дамығандығын көрсетсе, темірден жасалған жебе ұштары мен пышақтар қаланың әскери стратегиялық орталық екендігін дәлелдейді. Көне шаһардан табылған ең құнды жәдігер – күміс монеталар. IX ғасырға тән оғыз дәуірінің теңгелері Жанкенттің Жібек жолы бойындағы ірі сауда және мәдени орталық болғандығын айқындап отыр.
АЙСУЛУ ИСКАНДЕРОВА, САМАРҚАНД АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ МАМАНЫ \қапталында арабша жазулары бар тоғызыншы ғасырға тиесілі теңгелердің үлкен жиындысын таптық. Зертханаға тапсырып көреміз ішінде бәрі күміс теңгема басқа теңгелер барма деп. Тағы да бұрын кездеспеген бұйымдар шықты. Мынау тасжыра 7-8 ғасырға тиесілі. Қошқар мүйізді мүсіндер табылды. Әр жайдың ішінде мынандай ошақтар бар. Оның қасында құмыралар, көзелер, дастархандар бар\
Қазба жұмыстары цитадельдің кіреберіс қақпалары мен тұрғын жайларда сондай-ақ қаланың шахристан бөлігінде жүргізілді. Табылған заттар VII–X ғасырларда Сырдария өңіріндегі түркі-оғыз мәдениетінің қалыптасу және даму сатыларын нақтылауға мүмкіндік беріп отыр.
ШАҺИН МУСТАФАЕВ, ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ \Жанкент шаһары жай ғана археологиялық орын емес ерте орта ғасырларда Ұлы жібек жолының бойындағы маңызды қала. Еділ-Жайық, Каспий мен Хорезм арасындағы саяси, сауда және мәдени байланысты арттыратын орталықтың бірі болған. Қазба жұмыстарынан алынған археологиялық олжалар Жанкентте орта ғасырларда дамыған қала құрылымы болғанын дәлелдейді. Қазба жұмыстары барысында табылған оғыз-қыпшақ мұрасы түркі әлемі мәдениетінің ортақ екендігін көрсетіп отыр\
Үш жылдық қазба жұмыстарының қорытындысы есебінде ескерткіш стелла орнатылды. Сонымен қатар, қазба алаңының маңы қоршалып, төбесіне қорғаныш жабындысы салынды. Бұл тарихи орынды жауын, шашыннан қорғап, ұзақ сақталуына мүмкіндік береді.