Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары биыл дрондар шығарамыз деп отыр. Пилотсыз ұшу аппараттарын ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында және төтенше жағдай кезінде қолданылмақ. Президент оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысты. Қазір университетте жаңадан ашылған Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы жұмыс істеп тұр.
Яғни, аппараттың материалдарды, бағдарламасы, ішіндегі чиптері мен басқару жүйесі толық отандық болады. Бұл инновациялық жобаны іске асыруға Farabi Hub орталығы мүмкіндік береді. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды.
ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР КВАНТТЫҚ КОМПЬЮТЕР ЖАСАП ЖАТЫР
Орталықта ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорацияларының, сондай-ақ басқа да шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Бұндай хабтар жас ғалымдарға тың бағыттарды игеру мен өз жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Мәселен, бұл Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы. Қазір қос елдің ғалымдары бірлесіп әл-Фараби ұлттық университеті қабырғасында алғашқы кванттық компьютерді жасап жатыр.
ПРЕЗИДЕНТКЕ ТӨРТ ІРІ ЖОБА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Президентке университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғалымдары NKSAT спутнигін жасап жатыр. Ол Жердің тартылыс аумағы мен радиация деңгейін өлшеуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының да қызметі таныстырылды.
ПРЕЗИДЕНТ: ЦИФРЛАНДЫРУ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаевқа университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. Жаңадан қабылданған Конституцияда адами капиталға, ғылым, білім, инновацияға басымдықты беріліп отыр. Бұл біздің саламызға берілген үлкен серпіліс, жауапкершілік деп қабылдадық дейді, ғалымдар.
Президенттің айтуынша, бүгінгі жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанды ғылым мен технологияға бағыттап дамыту үшін нақты қадамдар жасауымыз керек. Бұған дейін біз заң, филология, дипломатия сияқты гуманитарлық салаларға басымдық беріп кеттік. Ендігі кезекте қоғамның көзқарасын өзгертіп, жастарды ғылым мен техникаға бет бұрғызуымыз керек. Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды. Сондай-ақ ғылымды арқау еткен аумақтар құру – стратегиялық мақсатымыз екенін де еске салды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығына үндеу жасады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
"Қазақстанның ертеңі қандай болатыны, инновациялық және озық елге айналу мүмкіндігі Сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жасаған еңбектеріңіз бен ашқан ғылыми жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Күш-жігер біріктіріп, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыра аламыз. Мен бұған сенімдімін."
Жиын соңында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.