Кеңес одағының батыры Әнуар Әбутәліпов батыр болмыстың нақ үлгісі. Жаңақорғанның жаужүрек ұлы 19 жасында майдан даласына аттанды. Сұрапыл соғыста атқыштар полкінің станокті пулемет расчетінде командир болған ол бірнеше мәрте ерлігімен дараланды. Мәселен Дебрецен операциясында Тисса өзенінен өту кезінде ерекше батылдық көрсетіп, көзге түсті. Ержүрек жауынгер өзеннің екі жағалауына 47 мәрте қатынап, бір пәсте 18 жауды жайратқан. Әнуар Әбутәліпов майдандағы осындай бірнеше ерлігі үшін Кеңес одағының батыры атанды.
Ғалым Әміреев – Жаңақорған ауданының әкімі
Әнуар Әбутәліпов майдан даласындағы ерлігімен қатар, еңбек қосынындағы тындырымды тірлігімен де көпке үлгілі із қалдырды. Өйткені жеңіспен елге оралған жаужүрек жауынгер туған топырағын түлетуге де айрықша атсалысты.
Ермаханбет Құлынбетов – ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері
Бұл байқау Отан қорғау жолында от кешкен батыр болмысты нақ қалпында көрсете білуімен ерекшеленеді. Себебі облыстың әр бөлігінен келген мәдениет саласының қызметкерлері Әнуар Әбутәліповтың тұлғалық қырын жан-жақты көрсете білді. Байқау ережасіне сай оқиғаның басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі мен түйінді тұсын дөп жеткізуі қазылардың қадағалауында болды.
Орынкүл Бұрханова – облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының бас режиссері
Ерлік өнегемен ұштасқан сценаристер байқауының қорытындысы бойынша үшінші орын қазалылық Нұрлан Байкеев пен Жаңақорған ауданы, Кейден ауылынан қатысқан БалмұханбетАбжаппаровқа бұйырды. Ал Шиелі аудандық шығармашылық орталықтың сценаристі Айзада Әшімқызы екінші орынды еншілесе, бірінші орын Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылының мәдениет қызметкері Бақытгүл Тасқожаеваға бұйырды. Байқаудағы қойылымы мазмұндылығымен ерекшеленген Сырдария ауданы, кенттік мәдениет үйінің маманы Эльмира Тілеубергенова бас жүлдеге лайық деп танылды.
Эльмира Тілеубергенова – байқау жеңімпазы
Әлбетте әрбір шараның шырайлы өтуі осы сахна сыртындағы сценарист мамандардың жүйелі жұмысына байланысты. Сондықтан осынау игілікті бастама әр елді-мекенде жалғасын тауып, барлық мәдениет қызметкерлері белсенділік танытса игі.
Елжас Әбділда