Қызылорда – Арал: Тасжолда көліктердің орташа жылдамдығы бақыланады
#qyzylordatv
Бүгіннен бастап республикалық маңызы бар тағы үш тасжолда көліктердің орташа жылдамдығы бақыланады. Жаңа жүйе Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарында іске қосылды.
Орташа жылдамдықты анықтау үшін жолдың белгілі бір бөлігіне орнатылған камералар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Жүйе осы екі нүктенің арасындағы қашықтық пен жүріп өтуге кеткен уақытты есептеп, көліктің орташа жылдамдығын автоматты түрде анықтайды. Сондықтан жүргізуші камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендетіп, одан өткен соң қайта үдетсе, бұл жолы айыппұлдан құтыла алмайды. Өйткені жүйе жолдың бүкіл бақыланатын бөлігіндегі қозғалыс жылдамдығын ескереді. Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы тасжолдарда, әсіресе жол түзу әрі көлік аз болған кезде жүргізушілердің жылдамдықты байқамай асырып жіберуі мүмкін екенін ескертеді. Ал жылдамдықты шамадан тыс арттыру – ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі себептердің бірі. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерін белгіленген жылдамдықты сақтауға, ауа райы мен жолдың жағдайына қарай қауіпсіз жылдамдық таңдауға шақырды.