Қызылордадағы орталық алаң қашан ашылады? Қала тұрғындарынан редакциямызға келіп түскен осы сауалға тілшіміз Гүлай Ашекова жауап іздеп көрді.

Орталық алаңның күрделі жөндеуден өтіп жатқанына жарты жылға жуықтап қалды. Бүгінге дейін субұрқақ аумағына тастөсеніштер төселіп, көгалдандыру маусымында тал шыбықтары егіліпті. Енді балалар ойын алаңы мен жаңа үлгідегі орындықтар қойылып, жарық бағаналары орнатылады. Ал, бірінші маусым күні орталық алаң қайта ашылады.

ҒАЛЫМЖАН ЕРКЕБАЙ - ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

«Қазіргі таңда жұмыс қарқынды жүруде. Енді бұл жұмыстар ағымдағы жылдың бірінші маусымына дейін толыққанды бітіріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілетін болады. Қазіргі таңда халық арасында көптеген алып-қашпа әңгіме-сөздер жүруде. Не себепті тоқтап қалды, не себепті ұзап кетті дегендей. Қазіргі таңда жұмыстың 70 пайызы бітіп тұр. Жұмыс қарқынды жүруде».

Орталық алаңды көркейтіп-көгалдандыруға 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

ҒАЛЫМЖАН ЕРКЕБАЙ - ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ "Бұл жұмыстар меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Аталған күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін бұл жер жасыл екпелермен үлкен саябаққа айналады. Халықтың демалатын, жастардың демалатын орны болады. Және кіші архитектруалық формалар, тиісті урна, орындықтармен де қамтамасыз етілетін болады».

Жалпы қала аумағын абаттандыру және көркейту шараларына биыл баса мән беріліп отыр. Соның ішінде орталық алаң шаһардың шырайы мен келбетіне ерекше көрік бермек.