Өңірімізде тарихи-археологиялық қалашықтардың қабырғалары сөгіліп, таңбалы тақтайшалары бүлініп жатыр. Бұған ауа райының қолайсыздығы және далалық жерде иесіз жайылып жүрген мал да себеп алуда. Өзекті мәселе «Сыр өңірінің археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және қорғау» тақырыбында өткен конференцияда кеңінен талқыланды.

Жиында, сондай-ақ, жол апатынан қайтыс болғандарға белгілерді бей-берекет орнату мәселесі де көтерілді. Әсіресе, бұл белгілер «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында тым жиілеп кеткен. Сондықтан алдағы уақытта қала және аудан әкімдіктерімен мониторинг жұмыстары жүргізілмек.

Жалпы облыс көлемінде 567 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қарауына алынған. Оның ішінде 31-і республикалық, 256-ы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен Бәбіш мола, Жанкент және Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі.

Конференцияда көтерілген өзекті мәселелер «Жаңалықтардан» соң, «АнықТаймс» хабарында талқыланады. Студия қонағы облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерқазы Алданазаров.