Қызылордада тәулік бойы жұмыс істейтін оқырмандар залы ашылмақ. Ол үшін Әбілда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы әзірлік жұмыстарын бастап та кетті. Ал бүгін облыс орталығында кітап фестивалі өтті.

Бүгін әлем әдебиеті үшін айтулы дата – дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның бас конференциясында бұл күн кітаптар мен авторларға құрмет білдіру мақсатында қабылданды. Қазіргі таңда облысымызда 205 кітапхана бар. Онда 4,5 млнға жуық кітап сақталған.

МИРА ҚАЗБЕКОВА – ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

//250 мыңнан астам оқырман бар. Әрине, бұл әлі де аз. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облысымыздағы 171 мәдениет үйінің жанынан оқырмандар клубын арнайы құру жөнінде тапсырма берілді. Қазір барлық аудан-ауылдардағы клубтарда осы «Адал адам» концепциясының аясында оқырмандардың санын арттыруға байланысты бірқатар алғышарттар қабылданып жатыр. Біз бұл жұмыстарды әлі де жыл соңына дейін жалғастыратын боламыз.//

Дәстүрге айналған фестивальде сұқбат алаңы, жас ақындар айтысы, поэзия кеші, сурет салу мен түрлі өнер сайыстары ұйымдастырылып, оқырмандар арасында өзара рухани байланыс орнады.

НҰРЛЫБЕК МЫҢЖАС - Ә.ТӘЖІБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«бұл фестивальдың маңызы – оқырман тарту. Әсіресе, кітап оқу мәдениетін жастардың бойына сіңіру. Міне осындай мақсатпен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді».

Іс-шара барысында кітап дүкендері жәрмеңке ұйымдастырды.

ЖҰЛДЫЗ БОЗҒҰЛАН – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Бүгінгі жәрмеңкеде «Тәкаппар ғашықтар» кітабын алып жатырмын. Бұл кітапты біраздан бері оқығым келіп жүрген. Осы көрмеден табам деп ойламаппын. Мұнда кітаптар көп. Кітап оқығанды жақсы көремін. Әсіресе шетел жазушыларының кітаптарын оқыған ұнайды».

СӘКЕН НҰРГЕНОВ – «ОТБАСЫ ХРЕСТОМАТИЯСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ӨКІЛІ

«Кітап оқу белсенділігі жайлап-жайлап келе жатыр. Әзір енді онша таныла қойған жоқ. Бірақ әлеуметтік желіден соңғы уақыттарда жақсы-жақсы байланыстар бар. Сол арқылы бізде осы облыс төңірегінде кітаптарды насихаттап, осындай кітап көрмелері мен жәрмеңкелерге қатысып, оқырмандар клубын ашып жатырмыз. Жалпы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Сыр алқасы» деген клуб құрып жатырмыз».

Және бір жаңалық. Президенттің құрылтайдағы бастамасына мәдениет қызметкерлері қолдау білдіріп, облыстық кітапхана ішінен тәулік бойы жұмыс істейтін оқырмандар залын ашуға жұмыс істеп жатыр.