«Жасыл аймақ». «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының үшінші аптасы осылай аталды. Маңызды бастама аясында Ақсуат ауылдық округінің кіреберіс аумағына тал шыбықтары отырғызылып, қоршау жұмыстары жүргізілді.

Ақсуат ауылдық округінде 11 мыңға жуық халық тұрады. Ел президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына қараша қауым белсене атсалысуда. Экоакция барысында ауылдың кіреберіс аумағына 400-ден астам тал шыбықтары отырғызылып, айнала қоқыстан тазартылды.

Облыс орталығының іргесіндегі айшықты ауыл тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан ауылдың кіреберіс қақпасының ажарлы болуы тұтас аймақтың имидждік келбетіне үлес қосады. Осыны ескерген жұртшылық жұдырықтай жұмылып, бір сәт білек сыбана еңбек етті. Отырғызылған тал-дарақтар аяқ-асты болып қалмас үшін атшаптырым аумақ қоршалып, алыстан аяқ су жеткізілуде.

Жалпы, экоакция аясында ауыл аумағына 2 мыңнан астам тал егіліп, әр сенбі сайын тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу жоспарланып отыр.