#qyzylordatv

Шұғыл ақпар! Алдағы күндері облыс аумағында ауа температурасы күрт төмендеп, кей аумақтарда қар аралас жаңбыр жауып, арты бұрқасын мен көктайғаққа ұласуы мүмкін. Сондықтан төтеншеліктер облыс тұрғындарына сақтық шараларын ескеруге кеңес береді.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Қыс басталғалы аймағымызда күн айтарлықтай жылы болып тұр. Дегенмен алдағы күндері Қазақстанға суық антициклон келеді.Соның салдарынан қаңтар айының 15-і мен 18-і аралығында облыс бойынша күн күрт суытады. Қар аралас жаңбыр жауып, бұрқасын болады деп күтілуде. Ал оның арты тұман мен көктайғаққа ұласуы мүмкін, дейді синоптиктер. Сондай-ақ, ертеңнен бастап желдің екпіні күшейеді. Өңірдің солтүстік-шығысы мен орталығында секундына 15-20 метрге дейін соғып, ауа температурасы 20-25 градусқа дейін күрт төмендеуі мүмкін.//

ӘЙГЕРІМ ЖӨКЕЛОВА – «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ //Яғни, 15-ші қаңтардан бастап қаламызда қар аралас жаңбыр күтіледі. 16-18 қаңтар аралығында облыстың басым бөлігінде қар, көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Бұл суық ауа райы үшінші онкүндіктің басында да күтіледі. Яғни, ауа температурасы 21-26 аязға дейін төмендейді. Одан кейін аяғында аздап жоғарылайды. Жиі тұман, көктайғақ, бұрқасын күтіледі.//

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Осыған сәйкес, төтеншеліктер облыс тұрғындарына қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарға шықпауды және дауылды ескертулерді үнемі қадағалап отыруға кеңес береді. Ауа райының нашарлауы, сондай-ақ қала аумағында автожолдардың жабылуы туралы дауылды ескертулер мен хабарламалар СМС, интернет ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы тұрақты хабарланып отырады.//

 АСХАТ ОРАЗБЕКОВ – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ //Облыстық төтенше жағдай департаменті мамандардың болжамын қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Қазіргі таңда қысқы мезгілде автожолдардағы төтенше жағдайларды жою бағытында 234 бірлік техника әзірлікке келтірілген..//

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ Республика аумағы арқылы тез тарайтын суық ауа алдымен солтүстікте, содан кейін елдің қалған бөлігінде температураның төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді деп бодлжанып отыр. Сақтансаң, сақтайды демекші, қазір облыс көлемінде 12 жылыту пункті, 20 уақытша орналасу пункті жұмыс істеп тұр./