Нартай Бекежанов атындағы театрдың шығармашылық ұжымы «Ер Төстік» ертегісін ерекше форматта ел назарына ұсынды. Қойылымнан қаланың кішкентай тұрғындары ерекше әсер алып, пікірімен бөлісті.
Қазіргі балалар ТикТок пен Ютубтағы супер қаһармандарға қызығатыны белгілі. Ертегі кейіпкерлері де спектакльдің басында осылай ойлағанымен, өздері бұл пікірді жоққа шығарды. Өйткені кішкентай көрермендер спектакль бойы Ер Төстіктің басынан кешкен шытырман оқиғаларын қызығып тамашалады. Батырдың алаңсыз балалық шағы, сегіз ағайындының жоғалуы туралы әңгіме және жер асты патшалығы, батырдың опасыз Кеще ханға баруы сынды барлық эпизодты актерлер шебер ойнағаны сонша қойылымнан балалар ерекше әсер алды.
Кеще хан мен мыстан кемпірге қарсы күресте Ер Төстікке дәстүрлі ертегі кейіпкерлері – Желаяқ пен Саққұлақ, Таусоғар мен көлді бір ішкенде тауысатын Көлтаусар көмектестесті. Ал залдағы балалар актерлерге зұлымдардың тұзағынан қалай сақтану керегін айтып отырды.
Актерлік құрам үшін "Ер Төстік" – ерекше әрі маңызды қойылымның бірі. Өйткені олар ежелден жеткен ертегі арқылы жас көрермендерді зерек әрі батыл болуға шақырып, ерекше әсер қалдырды.
НҰРДӘУЛЕТ БАЙМАХАНОВ, АКТЕР
Бұл Қасымхан Бегманов деген автордың «Ер Төстік» деген балалар қойылымы. Бұл біздің театр репертурарында жүріп жатқанына 3 жылдан астам уақыт болды. Мен басты рөл Ер Төстікті сомдаймын. Есейген кезін. Бұл балаларға ұлттық руханиятты, батырлықты, ұлтының болашағына деген бей-жай қарамауды үйретеді. Батырлықты үйретеді. Рухты болып өсуді үйретеді.
САНАТ ЖҮЗБАЙ – АКТЕР
Жалпы спектакль барысында сомдайтын рөлім Ерназар, яғни Ер Төстіктің әкесі. 1.42 Алпамыс батыр, Ер Төстік қазақтың ертегісі көп қой. Біз өзіміз бала кезде сол ертегілермен өстік. Теледидардан көріп өстік. Қалыс қалып жатқан ертегілерді сахнаға алып шығып, қазіргі таңдағы балаларға Ер Төстіктей қазақ ертегісіндегі үлкен шығарманы көрсеткіміз келді. Режиссер өзінің мақсатына жетті деп айта аламын.Кастинг арқылы өткеннен кейін әр рөлді сомдайтын актерлар дөп түсті да. Сондықтан да режиссер ойындағы нәрселерін жасай алды.
Өз кезегінде көрермендер де қойылымды жоғары бағалап, арнайы эффекті мен дыбыстық сүйемелдеудің маңызын атап өтті.
"Ер Төстік" – Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында сахналанған ең ерекше қойылымдардың бірі. Классикалық дәстүр мен заманауи технология үйлескен спектакль көрерменді бір серпілтіп, эмоция сыйлады.