#qyzylordatv
Қазалы ауданы әкімінің сайлауына барлығы 47219 дауыс беруші тіркелсе, олардың 32 мыңнан астамы өз таңдауын жасаған. Сайлау қорытындысымен Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы 21 096 дауыс жинап, Қазалы ауданының әкімі болып сайланды. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалыға арнайы барып, Алмасбек Әбілқасымұлын аудан активіне таныстырды.
Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы 1982 жылы дүниеге келген. Қызылорда гуманитарлық университетінде экономист, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетінде заңгер мамандықтары бойынша білім алған. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі жəне АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша əлеуметтік білім магистрі академиялық дəрежесін алған.
Алмасбек Әбілқасымұлы әр жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы лауазымында болды. Ал, 2024 жылдың шілде айынан бастап «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып келді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Алмасбек Әбілқасымұлы жаңа қызметімен құттықтап, алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Алмасбек Әбілқасымұлының алдында үлкен міндет тұр. Ол ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартып, дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіші бойынша оң нәтижеге қол жеткізу. Иинвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту. Аймақ басшысы Алмасбек Есмахановқа елмен етене жұмыс істеп, осы міндеттерді абыроймен орындауды тапсырды.
Облыс әкімі актив отырысынан соң аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдары, алдағы жоспарлар туралы ой бөлісті. Тұрғындардың өтініш, тілегін тыңдап, толғандырған сауалдарына жауап берді.