#qyzylordatv
Аймақта полицияның қылмысты ашу, тергеу жөніндегі қызметіне заманауи цифрлық және инновациялық технологияларды енгізу бағытында өңіраралық форум өтті. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған жиынға Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қатысып, цифрлық криминалистиканың маңыздылығына тоқталды.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында барлық саланы цифрландырып, инновациялық технологияларды енгізуді тапсырған болатын. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ интернет алаяқтықтың жолына тосқауыл қою, қылмыстың алдын алуда бұл бастаманың тиімділігі мол екендігін айтты.
Соңғы үш жылда облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында бюджеттен 11 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қала және аудандарда жедел әрекет ету орталығы іске қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Жыл соңына дейін облыс орталығында мың жарымға жуық соңғы үлгідегі камералар қойылатын болады.
ДАНИЯР ЖАНАЛИНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ \оның құны 4 млрд. қа жуық. Өздеріңіз көріп отырсыздар облыс әкімінің тарапынан қолдау бар. Ең бастысы халықтың қауіпсіздігі..............\
Облыстық полиция департаментінде жаңа техникалық құралдармен және оқу алаңдарымен жабдықталған криминалистикалық полигон бар. Форумға қатысушылар алаңның жұмысымен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Форум барысында мамандар қылмыстың ізін суытпай ашатын және сәйкестендіру нөмірінің заңдылығын анықтайтын заманауи үлгідегі құрылғыларды таныстырды.
ӘДІЛБИ ЖҮСІПОВ, ОПД ЖЕДЕЛ-КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ \ғылыми-техникалық құралдарды сатып алуға 2025 жылы облыс әкімдігімен 7 млн теңге бөлінген. Қазіргі кезде жылжымалы зертхана сатып алынуда....\
Жылжымалы зертхана қазіргі күні еліміз бойынша Қарағанды облысында ғана бар. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов генетикалық сараптамаларға арналған автоматтандырылған құрылғыны алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріне сатып алу жоспарланып отырғанын айтты.
БЕКЖАРАС СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОПД ЖЕДЕЛ-КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ \Біріншіден оның ішінде криминалистік жарықтандыру құрылғысы бар. Оқиға орнында көзге көрінбеген дәлелдеме заттарды, яғни биологиялық заттарды шаш, қан және қол іздерін анықтайтын құрылғы. Бұрын көзбен қарап зерттелетін. Бұл құрылғының сапасы оқиға орында жылдам, тез және сапалы алуға үлкен үлес қосатын құрылғы\
Криминалистердің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, білімін тереңдетуге, жұмыс сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған форум екі күнге жалғасты. Жиын соңында еліміздің әр өңірінен келген қатысушыларға сертификат табысталды.