Республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысы басталды. Биыл облыс бойынша 1871 жас маусымдық жұмыспен қамтылады. Олар туған жерді көгалдандырып қана қоймайды, тиісті еңбекақысын да алады.
Қоршаған ортаны таза ұстап, туған өлкені түлету - әрбір азаматтың парызы. Сондықтан «Жасыл ел» еңбек жасағына отансүйгіш, жанашыр жастар тартылған. Олар үш ай бойы мәдени-демалыс орындары мен аллея, скверлерді, саябақтарды көгалдандырып, белгіленген аумақтарды қоқыстан тазалау шараларын жүргізеді. Айта кетейік, қалада еріктілерден бөлек «Қызылорда тазалығы» және «Жасыл Қызылорда» мекемесі екі ауысымда жұмыс істеп, шаһардың шырайын келтіруде. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 191 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде 8 мың тонна қоқыс қалдықтары шығарылып, өңірдің климатына сәйкес келетін 129 358 түп қарағаш, терек және сырталының көшеті егілді.
АРТУР ҚАМБАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Биыл 16- 35 жас аралығындағы 1871 жасты осы әлеуметтік жобаға тарту арқылы өзіміздің осы «Жасыл ел» арқылы Таза Қазақстан экологиялық акциясына үлес қоссақ дейміз. Қызылорда облысының әкімдігінің қолдауымен 144 млнға жуық қаржы бөлу арқылы әлеуметтік арнайы жоба қарастырылған. Жоба аясында облыстың 7 ауданы мен Қызылорда қаласы мен Байқоңыр қаласын қоса есептегенде 9 отряд 2000- ға жуық жұмысшы 3 ай көлемінде жұмыс жасайды"
АҚЛЕН АБДРЕШ – «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
"Осы еңбек жасағына мен өз еркіммен, өзімнің туып өскен қаламның өте керемет, таза болуына үлес қосу үшін кірдім. Сонымен қатар осы жылы біздің мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасыл ел» туралы айтқан болатын. Экологияның жақсы жаққа өзгеруіне өз үлесімді қосқым келеді"