Биылғы жылдың алғашқы үш айында 45 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 9 келіден астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде синтетикалық есірткі де бар. Жалпы, бұл қылмыстарға қатысты 154 адам жауапкершілікке тартылған.

Соның ішінде, үй ауласындағы жылыжайда сора өсімдігін өсіріп, марихуана өндірген қала тұрғыны құрықталды. Фитозертхананы тінту барысында 214 түп сора өсімдігі мен 5 келіден аса мариухана және «гашиш» есірткісі тәркіленді. Мұнан бөлек, «меф» және «a-PVP» синтетикасын аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 2 дерегі анықталды. Бұл қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары құрықталды. Сонымен қатар, адам ұрлау және бопсалау деректері де анықталып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Ал жедел басқару орталығының мамандары бейнекамера арқылы есірткі жарнамалаудың 1 дерегін анықтап, жолын кесті.