Қаладағы базарлар мен ірі сауда орындарында санитарлық талап сақталмай отыр. Сауда сөрелерінде үй жағдайында дайындалған тағамдардың сатылуы да мамандарды алаңдатып отыр. Осы және өзге де мәселелер қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралды.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы санаулы сауда орны мен базарға бақылау жүргіземіз дейді. Ал жаппай тәртіпке шақыру әзірге мүмкін болмай отыр. Осы ретте базарлар санитарлық күнді тек демалу үшін ғана белгілейтінін жасырмады.

Депутаттар тәртіпке бағынбайтын кәсіпкерлерді арнайы комиссия құру арқылы жөнге шақыруға бел буып отыр. Жиында жаз-күз айларында бақша дақылдарын сататын уақытша базарларды талапқа сәйкестендіру жайы да айтылды. Қалаға қарасты 12 қолайсыз аймақ бар. Көктемгі-күзгі уақытта кенелерге қарсы дезинсекция шаралары қатаң бақылауға алынуы тиіс деді депутаттар. Мұнан соң кәсіпкерлікті дамыту және оған инвестиция тарту мәселесі көтерілді.

Елді мекендерде іске асырылатын жобалар жайын тыңдаған депутаттар қай салаға инвестиция тартқан тиімді екенін таразылап, өңірдің ерекшелігіне байланысты кәсіп түрлеріне талдау жасауды ұсынды. Бұл бизнестің болашағын айқындап, маман мәселесінде кедергіні азайтпақ.