Қызылордада Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында білім беру жүйесін трансформациялау және бала құқығын қорғау мәселелері жан жақты талқыланды.

Облыста жыл өткен сайын білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2022 жылы 206 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биыл облыс бюджетінің 41 пайызы ағарту саласына бағытталып отыр. Нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жүз пайызға, 2-6 жастағы балаларды қамту 90,2 пайызға жетті. Апатты мектептердің санын азайту және үш ауысыммен оқытуды түбегейлі жою мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ //Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1 850 орынға арналған қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Бұдан бөлек, 1 170 орындық 4 мектеп, жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. Биыл жаңадан 15 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға беріледі\

Жиында сондай-ақ инклюзивті білім беру және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Жиында сенатор, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп телефонға телмірген, желіге желімдей жабысқан жасөспірімдер мәселесін көтерді.

Қала мектептері мен ауылдағы білім ошақтарының арасында алшақтық болмауы керек. Осы бағытта білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, педагогтардың білімін жетілдіру жұмыстары қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, «Мобильді мұғалім» жобасы жүзеге асырылып, үздік мұғалімдердің тәжірибесі кеңінен таратылады.