Әр рөлде ойнаған сайын көрерменге терең ой салатын театр дарабозы Ұғым Баймаханов мерейлі 50 жасқа толды. Мәдениет саласы үздігінің құрметіне Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында мерекелік кеш өтті.

Оның есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Себебі ол сан-түрлі образды шебер сомдап жүрген актер. Әр қойылымға жаңа ізденіспен, жаңа көзқараспен бойлайды. Ал маңдайдан шыққан тер өтеусіз қалмайды. Ұғым Баймаханов мерейлі мерекесінде Қазақстан театр қайраткерлері Одағы төралқасының шешімімен «Дара» медалімен марапатталды.

ҰҒЫМ БАЙМАХАНОВ – ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ

«Өнерге шыны керек бала кезден ғашық болдым. Өйткені біздің Сұлутөбе елді-мекенінде халық театры болды. Мектеп қабырғасында жүргенде де өнерпаздардың қатарында жүрдік енді. 1995 жылы өзіміздің Қорқыт Ата атындағы университетке педагог-хореограф мамандығына түсіп, содан менің өмірдегі кәсіби жолым басталған болатын. Кейін осы театрға мүше болып келіп, басында биші болып кейін театр актері болып жұмыс жасадым».