Кадрлық ауыс-түйіс. Бірыңғай конкурстық комиссияның қорытындысы негізінде, қала әкімінің өкімімен Айдын Қайруллаев қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Айдын Бөкенбайұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика және құқықтану мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 2001 жылы Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясында редактор ретінде бастады. Одан кейінгі жылдары облыстық мәдениет басқармасының жетекші маманы, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің бас маманы, облыс әкімінің баспасөз хатшысы және көмекшісі болды. Ал, 2008-2018 жылдар аралығында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, қалалық ішкі саясат бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қала әкімінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы секілді жауапты қызметтер атқарған. 2018 жылдан бастап осы кезге дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиал директоры, орынбасары лауазымында болды. Шаһар басшысы Айдын Бөкенбайұлы мемлекеттік қызметте ысылған маман екенін атап өтіп, жауапкершілік жүгін абыроймен еңсереріне сенім білдірді.
Сондай-ақ, актив отырысында қалалық білім бөлімінің де жаңа басшысы тыныстырылды. Енді бұл қызметті Сәдуақасова Жанат Мылтықбайқызы атқарады. Жаңа лауазым иесі 35 жылдан бері білім саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Сондықтан оның бай тәжірибесі ескеріліп, маңызды саланың тізгіні тапсырылып отыр.