Өңірде жыл сайын жолаушылар ағыны артып келеді. Осыған сәйкес, аймақ тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін жаңа автовокзал ғимараты салынып, жуырда пайдалануға берілді. Сырдарияның сол жағалауынан салынған сапаржайдың жұмыс қарқынын тілшіміз Дәулет Сағит көріп келді.

Сапаржайды салуға өңір тайқазанынан 975 миллион теңге қаржы жұмсалды. Ғимараттың сыйымдылығы 200 адамға шақталған. Күту залымен қатар ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары секілді қажетті қызмет түрлері бар. Сонымен қатар, мүгедектігі бар жандардың кедергісіз қозғалысы үшін қажетті құрылғылар орнатылған.

ҚЫЛЫШБЕК ЖОЛТАЙЛАҚОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ //Жаңа автовокзалға келіп, жүгімді жүк қоймасына қойдым. Өзім жоғарыға шығып, шәй ішіп алдым. Енді автобусымның жүретін уақытын күтіп отырмын. Төретамға барып қайтқым келіп тұр билет алып. Өз заманына қарай осындай жаңа ғимараттар көтеріліп тұру керек. Қаланың сол жақ жағалауына салынған автовокзал. Өте жақсы ұнады маған. Барлық жағдай істелген. Демалатын орындар бар.//

Автовокзалда тәулігіне 55 автобус жолға шығып, 124 рейс ұйымдастырылып жатыр. Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан және басқа да қалаларға 8 маршрут қатынайды. Тіпті, күн сайын қызылордалықтар осы жерден Ташкент қаласына халықаралық рейс арқылы қатынап жатыр.

ЖӘНІБЕК СЫЗДЫҚОВ – ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ //Облысаралық, ауданаралық және 1 мемлекетаралық Ташкент қаласына маршрутты қамтамасыз ететін болады. Жұмыс жүргізу кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қызылорда қаласында жеке автовокзал болған бұрын. Ол қазір қала ішінде қалды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына көліктің кедергісіз шығуына байланысты осы автовокзал құрылысын салып бітірдік. 1-кезекте бағыттар жүргізіп жатырмыз Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарай.//

Қазір жаңа сапаржайда жолаушыларды түсіру үшін – 6, ал сапарға шығатындар үшін – 11 перрон жұмыс істеп тұр. Заманауи нысанда жаз мезгілінде тәулігіне 4 мыңға жуық, ал қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсету жоспарланып отыр.