Классикалық шахматтан облыс әкімінің ашық кубогы аяқталды. Спортшылар апта бойы шеберлік байқасып, қомақты жүлдені сарапқа салды.
Ақыл-ой мен логикалық қабілетті дамытатын спорттық сайысқа еліміздің әр аймағынан 80-дей шахматшы қатысты. Сондай-ақ, биыл алғаш рет Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан мемлекеттерінің де біршама үздіктері қатарға қосылды. Үш санат бойынша өткен бәсекеде қатысушылар шахматтың классика түрі бойынша шеберлік байқасты. Осылайша аптаға созылған ой бәйгесінде «А» тобы бойынша бірінші орынды Беларусь елінен келген шахматшы Алексей Федоров жеңіп алды. Ал, екінші орынды қырғызстандық Элдияр Оразбаев иеленсе, үздік үштікті жерлесіміз Нұрдәулет Таңатов түйіндеді. «Б» санаты бойынша сынға түскендерден Шадияр Ермағамбетов үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Айнагүл Нұрислам екінші және Ғалымжан Ибраев үшінші орынды қанжығасына байлады. Мұнан бөлек, блиц түрі бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы өзара сайыстың нәтижесінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Әкім Зат жеңіске жетті. Барлық жарысқа қатысушыларға ақшалай сыйақы мен медальдар табысталды.